«Тіл-Қазына» орталығының ғылыми қызметкерлері мен мамандары Прага қаласына тәжірибе алмасу іс-сапарына барып келді

«Тіл-Қазына» орталығының ғылыми қызметкерлері мен мамандары Прага қаласына тәжірибе алмасу іс-сапарына барып келді

2026 жылғы 22-28 маусым аралығында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары Чехияның Прага қаласындағы 677 жылдық тарихы бар Карлов университетіне біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу іс-сапарына барып келді.

Бір апталық біліктілікті арттыру семинарының нәтижесінде орталықтың ғылыми қызметкерлері мен мамандары ұлттық тіл корпустарын дамытудың тиімді тетіктерімен танысты, терминдерді автоматты жүйелерде өңдеу және игерудің тиімді жолдары мен бағыттары бойынша тәжірибе алмасты, сондай-ақ тіл корпустарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесін зерделеді.

Сонымен қатар, іс-сапар аясында «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары Абай институтының Прагадағы А1 тобының қазақ тілі сабағына қатысып, оқу құралдарын табыс етті. Сабақ барысында орталықтың ғылыми қызметкерлері София Ыдырыс және Нұрзия Әбдікәрім шетелдегі қазақ тілі сабағының оқыту жүйесі мен әдістемесін зерттеп, өз пікірлерлерімен бөлісті. 

Өз кезегінде Чехиядағы қазақ тілі оқытушысы Бағиева Шынар Манапқызы сабақты тиімді ұйымдастырып, әдістемені жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары әрі тәжірибелі маман екенін байқатты. 

Сондай-ақ, оқушылар сабақта белсенділік танытып, өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Қазақ тілі сыныбындағы чех, ресей, поляк және тағы басқа елдің азаматтары, атап айтқанда, Тывонюк Магдалена, Камаева Амина, Паздерка Штепан, Черноушек Штепан, Примич Ксения, Берест Артурдың қазақ тілін аса қызығушылықпен үйреніп жүргендігі төл тіліміздің беделі шетелде артып жатқандығын көрсетеді. 

Бөлісу