Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы 22-24 сәуір күндері «Тіл үйретудегі лингводидактикалық тәсілдердің трансформациясы» атты республикалық онлайн семинар ұйымдастырды.
Семинардың негізгі мақсаты – тілді оқыту теориясын практикамен жүйелі байланыстыру арқылы оқытушылардың кәсіби-әдістемелік біліктілігін арттыру. Семинар мазмұны заманауи лингводидактикалық тұжырымдамаларға сәйкес құрылып, теориялық қағида нақты педагогикалық тәжірибемен ұштастырылған. Теориялық бөлімде коммуникативтік бағыттағы оқытудың ғылыми негіздері, функционалды грамматиканың әдістемелік әлеуеті, құзыреттілікке негізделген оқыту моделінің құрылымдық компоненттері талданды.
Семинардың ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов құттықтау сөз сөйлеп, тіл саясатын жүзеге асырудағы ғылыми-әдістемелік жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруда осындай кәсіби алаңдардың рөлі ерекше екенін атап өтіп, семинар қатысушыларына нәтижелі жұмыс тіледі.
Бағдарламаға сәйкес семинар үш күнге жоспарланып, әр күн мазмұндық тұрғыдан жүйеленген тақырыптық бағыттармен ерекшеленді. Семинардың бірінші күні «QazaqshaLike» әлеуметтік парақшасының авторы, тіл үйретуші әдіскер, филология ғылымдарының магистрі Дәдібасқызы Ердігүл «Тіл үйренушіні сөйлетудің тиімді жолдары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік баяндама ұсынды.
Екінші күні Назарбаев университетінің оқытушысы, әдіскер Айдар Балабеков дәріс оқып, тіл үйретуде коммуникативтік бағыттың маңыздылығына тоқталды. Ол тіл үйренушілердің бойындағы сөйлеу сенімділігін арттыру жолдарын нақты мысалдармен көрсете отырып, айтылым дағдысының оқу-әдістемелік құралдардағы берілуін жан-жақты талқылады.
Семинардың үшінші күні Qazline.kz қазақ тілін үйрету платформасының негізін қалаушы, филология ғылымдарының магистрі Еселбай Динара Нұрболатқызы баяндама жасап, қашықтан оқыту форматында тіл меңгертудің тиімді стратегияларын ұсынды. Баяндамашы «Сөзден сөйлеуге дейін» қағидатын негізге ала отырып, тіл үйренушінің сөйлеу дағдысын қалыптастырудың кезеңдік моделін сипаттады. Сонымен қатар, жоғарыда қарастырылған «сөзден сөйлеуге дейін» қағидаты аясында тіл үйренушінің сөйлеу әрекетін дамытуға бағытталған тәжірибелік тәсілдерге талдау жасап, білім алушылардың мотивациясын арттыру мен белсенділігін күшейтудің әдістерін ұсынды.
Семинар жұмысы барысында қатысушылар қазақ тілін оқытудың заманауи лингводидактикалық негіздерімен танысып, коммуникативтік құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар әзірлеу, оқу материалдарын құрылымдау және сабақ жоспарын тиімді ұйымдастыру дағдыларын тәжірибелік тұрғыда жетілдірді. Пікір алмасу алаңында оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті әдістемелік мәселелерді талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша семинар қатысушыларына белгіленген үлгідегі сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай ғылыми-әдістемелік семинарлар тіл үйрету сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге оң ықпал ететінін атап өтті.