Үш күнге созылған біліктілікті арттыру курсы өз мәресіне жетті. Курстың соңғы күні тіл үйретудегі қатысымдық жаттығуларды қолдану әдістемесіне арналды.
Спикер ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD, тілдік коммуникация әдістемесі бойынша тренер Айнаш Құрманова қатысты. Ол 2018-2025 жылдар аралығында Қазақстанда және шетелде өткен біліктілікті арттыруға бағытталған семинарлар мен курстарға қатысып, сертификаттарды иеленді. Айнаш Құрманқызының негізгі ғылыми қызығушылықтары: қазақ тілін оқыту әдістемесі, оқытудың жаңа әдістері және технологиялары.
Іс-шара барысында қатысушыларға пайдалы, жүйелі және тәжірибеге бағытталған материалдар ұсынылды. Пікір алмасу алаңында оқытушылар мен әдіскерлер өз ойларын ортаға салып, өзекті әдістемелік мәселелерді талқылады.
Үш күндік шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға белгіленген үлгідегі сертификаттар табысталып, спикерлерге алғысхаттар беріледі.