«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ортақ жүйесі» біліктілікті арттыру курсы жалғасуда

«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ортақ жүйесі» біліктілікті арттыру курсы жалғасуда

Бүгін курстың екінші күні B1–B2 деңгейіндегі грамматикалық құрылымдарды тіл үйренушінің нақты қолданысына бағыттап оқыту мәселелеріне арналды.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Айерке Сағынғалиқызы «B1–B2 деңгейіндегі грамматикалық құрылымдарды функционалды тұрғыдан үйрету» тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте грамматиканы ереже ретінде ғана емес, нақты коммуникативтік жағдаятта белгілі бір мағынаны білдіретін тілдік құрал ретінде меңгертудің жолдары, грамматикалық құрылымдардың мағынасы, формасы және қолданысы арасындағы байланыс сөз болды.

Назарбаев Университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Айдар Қалайбердіұлы шеберлік сағатын өткізді. Практикалық сабақта теориялық мәселелер нақты тапсырмалармен, ойындармен және интерактивті әдістермен ұштастырылып, грамматикалық құрылымдарды түрлі тілдік жағдаяттарда тиімді қолдану тәсілдері көрсетілді.

Дәріс пен шеберлік сағатының негізгі өзегі – грамматиканы ережеден нақты қолданысқа көшіру. Теория мен тәжірибені сабақтастырған оқу форматы қазақ тілін деңгейлеп оқытудағы грамматикалық мазмұнды функционалдық және коммуникативтік бағытта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу